2023 жылдың 24 сәуір күні білім бөліміні жоспарына сәйкес, Анар станциясының жалпы орта білім беретін мектебінде «Үздік сынып жетекшісі» байқауы болып өтті. Байқаудың мақсаты – сынып жетекшілердің өзара тәжірибе алмасуына, шығармашылық зертханасын айқындауға, оқушыларға білім берудегі өзгерістерді еркін меңгеруге бағытталған. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарындағы тәрбие ісін жандандыру және шығармашыл жетекшілерді анықтау үшін бұл сайыс жыл сайын ұйымдастырылып отырады.Байқауға сынып жетекшілік қызметі 5 жылдан кем емес ауданға қарасты барлық мектептерден жалпы 15 ұстаз қатысты. Сайыс бес кезеңде өтті. Байқаудың «Таныстыру» бөлімінде ұстаздар 3 минут ішінде өзін тек сынып жетекшісі қырынан таныстырып өтті. Қатысушылар тәрбие жұмысының басым бағыттары, сынып ұжымының ерекшеліктері, сыныптың дәстүрлері мен т.б. түрлі бағыттарын көрсете білді.Оның кезеңі, яғни сырттай кезеңінде сынып жетекшісінің жаңа үлгідегі инновациялық жұмыстарының жинағы (портфолио) өткізілді. Портфолиодағы тәрбие жұмысының мақсаты мен міндеттерінің нақтылығы, дәйектілігі басты назарға алынды. Сонымен қатар тәрбие жұмысының жүйелілігі, мазмұнының біртұтастығы және авторлық ерекшелігі де қалыс қалмады. Портфолиоға қоса байқауға қатысушы сынып жетекшілердің эссе-шығармашылық жұмыстары қабылданып, ойдың орамдылығы мен сапасы сараланды.Келесі «Шеберлік сабақ» атты бөлімде сынып жетекшілер еркін тақырыпта сыныптан тыс тәрбие жұмысын өткізіп, креативті, жаңашыл әдіс-тәсілдерді пайдаланды. Бұл жерде тек сабақ тақырыбының мазмұндылығы ғана емес, ұстаз бен оқушы, ата-аналар арасындағы тығыз қарым-қатынасқа баса назар аударылды.Байқаудың барлық ереже-талаптарын орындап, жұмыстарын нақты, түсінікті, нағыз сынып жетекшісіне тән әдістемелік тілмен баяндаған ұстаздарды ақшалай сертификат, жүлделі орындар мен номинациялармен әділқазылар алқасы марапаттады. Волгодоновка ауылының жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Каким Жанболат ІІ жүлделі орынды иеленді.